АИТВ індеті бар қызылордалық тұрғын басқа науқастарға көмектеспек

23 қараша, 08:30

Бұл туралы бүкіләлемдік СПИДпен күрес күнінің 30 жылдығына арналған «Өз статусыңды біл» айлығында айтылды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Облыстық СПИДпен күресу және алдын алу орталығының бас дәрігері Тәңірберген Амитовтың айтуынша, Қазақстанда 32 546 адам АИТВ тасымалдаушысы саналады. Олардың ішінде 68 пайызы індетті жыныстық жолмен, ал 28 пайызы есірткі салу барысында жұқтырған. Көбісі ер адамдар – 62 пайыз, қалғаны – қыз-келіншектер.
Қызылорда облысында 139 адамда АИТВ індеті бар, мұндай есеп 1990 жылдан бері жүргізіледі. Осылайша Сыр өңірі Ақмола және Маңғыстау облыстарымен бірге елдегі ең төмен көрсеткішке ие.
Биыл тіркелген 16 науқастың 15-і індетті жыныстық жолмен жұқтырған. Дегенмен, дәрігерлер ол адамдардың індетті кімнен жұқтырғанын білу қиын дейді. Тиісінше, анықтау көрсеткіші Қазақстан бойынша 40 пайыз болса, Арал маңында бұл көрсеткіш 5 пайыздан аспайды.
Айта кетейік, сол 16 науқас 120 мың адамды (облыс тұрғындарының 15,5 пайызы) жаппай тексеру кезінде анықталған. АИТВ індетін жұқтырғандардың арасында педагогтар, дәрігерлер мен полицейлер де бар дейді орталық өкілдері.
– Бұл індет адамды мамандыққа, жынысы мен жасқа бөлмейді. Кез келген адам жұқтырып алуы мүмкін. Ал індетке шалдыққан медицина қызметкерлері басқа адамдарға жұқтырмасы үшін халықпен жұмыс істеуге шектеу жасалады. Сөйтіп, іс қағаздарының бөліміне ауыстырылады, - дейді эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі Салтанат Балықбаева.
Оның айтуынша, жуырда АИТВ анықталған әскери міндетті тұрғынды тексерген. Инфекция жоспарлы тексеру кезінде анықталыпты. Белгілі болғаны, індет әйелінен жұққан. Ол азаматша тұрмысқа шыққанда өзінде инфекция барын білмеген. Ал күйеуі осы оқиғадан кейін бірден ажырасыпты.
Дәрігерлердің айтуынша, әйелдер көбінесе өздерінде індет барын тұрмысқа шыққанға дейін білмейді. Негізінен, жүктілік есебіне алу кезінде, 28-30-аптада анықталып жатады дейді.
– Менің білуіше, әйелдер індетті негізінен өз күйеулерінен жұқтырмайды. Тұрмысқа шыққанға дейін оларда басқа байланыстар болып жатады, мүмкін, кездейсоқ жыныстық қатынастар, - дейді Балықбаева. – Мұндай жағдайда неке сирек сақталып қалады, негізінен бірден ажырасуға әкеп соқтырады.
Қуанышқа орай, дәрігерлерде жақсы жаңалықтар да жоқ емес.
– Таяуда Алматыда АИТВ жұқтырған адамдарға арналған семинар өтті. Онда Қызылорда тұрғыны ашық сөйледі. Бүгінде ол өзінің жағдайы туралы жасырмай айтуға дайын. Ата-анасымен бірге тұрады, жасы 45 шамасында. Семинардан кейін өзінің індеті туралы ата-анасы мен достарына айтып берді. Енді індет жұқтырған басқа адамдармен жұмыс істеу үшін үкіметтік емес ұйым ашуды ойластырып отыр. Дегенмен, адамның осынау инфекцияны жұқтырғанын көбінесе тек жақындары ғана біледі. Ондай адамдар басқалардың қаңқу сөзінен, теріс қарым-қатынастар қауіптенеді.