​Қостанайдағы протез-ортопед шеберханасындағы былықтардың беті ашылды

26 қараша, 11:00

Балаларды балдақтар салынған қорапшаларға жатқызуға тура келеді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Балдақпен қатар жатқандар

– Неліктен ешкім үн қатпайтынына таң қаламын! – дейді Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны Мария Бурак. – Бұл масқара ғой! Мұндай жағдайда өлшеу мүмкін бе? Мұнда мүгедектігі бар балалар да, ересектер де келеді ғой, көбісіне ыңғайсыздық туындауда. Тіпті, өздігінен отыруға да, тұруға да мүмкіндік жоқ.
Мария өткен аптада протез-ортопед шеберханасына 4 жасар ұлы Данилді алып келді. Баласына БЦС-ның ауыр түрінің диагнозы қойылған. 2015 жылдың соңында диагноз қойылған соң 2016 жылы мемлекеттен арнайы көмек құралдарын алуы тиіс болды. Тізе буынын нықтап ұстап, аяқтың айқасып кетуіне жол бермейтін құрал ортез немесе тутор деп аталады. Мемлекеттен жылына бір рет беріледі. Бірақ бала бұл көмекті әлі бірде-бір рет ала алған жоқ. Ортез арзан емес – 30 мың рубль тұрады. Алғашқы жылы Данилдің анасы қайырымдылық қорынан көмек сұрап, жәрдемге қол жеткізді. Екінші жылы да мемлекеттің көмегіне қол жеткізе алмай, ортезді өздері сатып алған.

Биыл наурыз айынан бастап Мария Бурак Рудный қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек бөліміне хабарласа бастады. Наурыз айында қаржы әлі бөлінген жоқ деп күтуін өтінген. Әйелдің айтуынша, бөлім мамандары 12 қараша күні хабарласқан. 13 қараша күні шеберханаға келген анасы мен баласы үлгере алмай қалыпты.

Шеберхана қызметкерлері ортездердің таусылып қалғанын, ертерек келу керек екенін айтқан. Мария Бурак шеберханадан шыққан бетте прокуратураға барып, арыз жазады. Шағымдануына екі себеп бар дейді. Біріншісі – шеберханадағы ортездерді өлшеудегі қолайсыздықтар. Марияның анасы жағдайды суретке, видеоға түсіріп алған. Кабинет тар, ішіне арнайы көмекші құралдар – балдақтар қойылған, бір ғана терезесі бар. Ал жиһаздан жазу үстелі мен екі орындық қойылған.

– Барлық жерде мүгедектерге жағдай жасалған деп жатады, ал менің балам балдақтар салынған қорапта жатты! – дейді ашынған әйел.
Балаларды не үшін жатқызады?
Біз бірнеше күннен кейін протез-ортопед шеберханасына келдік. Жағдай өзгермеген – сол екі орындық пен жазу үстелі, ал қораптар тар бөлменің 2/3 бөлігін алып жатыр. Шеберханада екі ғана қызметкер бар – меңгеруші және тапсырмаларды алып қалатын, құрылғыларды жөндейтін слесарь.
– Қостанай қаласында біздің өз ғимаратымыз жоқ. Бас кеңсеміз, құрылғыларды жасайтын зауыт Петропавл қаласында. Бізге жылына 50 мың теңге ғана бөлінеді, - деп түсіндірді шеберхана меңгерушісі Галина Фоменко. – Бұл қаржыға жай таңдау қиын: ол ғимарат адамдардың жетуі оңай болуы үшін орталыққа, аялдамаға жақын болуы керек.
Шындығында балаларды жатқызатын үстел табу қиын емес. Тек Галина Викторовна өздеріндегі жағдай қалыпты деп санайды. Үстелдің не үшін керек екенін түсінбейді.
– Өлшеу үшін баланы жатқызу керек болса ше?
– Баланы жатқызудың не қажеті бар? Анасы отырып, баласын екі қолымен ұстап тұрады, ал біз өлшеп аламыз. Бес минут уақыт кетеді. Баланы не үшін жатқызу керек?

Филиал емес
Біз бұдан кейін тікелей «Петропавл протез-ортопед орталығы» АҚ-на хабарластық. Бір жылға неліктен мұншалықты аз қаржы бөлінетінін және құралдарды өлшеу жағдайына қойылатын талаптардың бар-жоғын білмек болдық. Кәсіпорынның бас инженері Роман Емелин өлшеу үшін ешқандай нақты талаптың қажеті жоқ екенін хабарлады. Дегенмен, онымен әңгіме барысында күтпеген жерден Қостанайдағы шеберхананың осы зауыттың ешқандай да филиалы емес, мердігер мекеме екені анықталды. Мердігер мемлекеттік тапсырыс заңына сай конкурсқа қатысқан және бағаны өздері қойған.
«Біз – зауыттың филиалымыз» деген еді Галина Фоменко. Онымен әңгіме диктофонға жазылған. Роман Емелинмен әңгіме де жазылған. Айтқандай, зауыттың бас инженері әр қаладағы ғимаратты жалға алу мен басқа да қызметтерге бөлінетін баға әр түрлі екенін айтты. АҚ бұл мердігермен 2 жылдан бері жұмыс істесіп келеді. Роман Емелиннің айтуынша, келесі жылға бұл мердігермен келісім-шарт жасалмайды.
Анығына прокуратура жетеді
Марияға ортез алатыны туралы жолдаманың шілде айында дайын болғаны жайлы хабар неліктен кеш берілді? Мария бұл туралы өзіне ешкім хабарламағанын, жұмыспен қамту бөлімінің маманы қоңырау шалған соң дереу протез-ортопед шеберханасына келгенін айтады. Ал Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері Марияға ортез алу үшін ертерек хабар бергілері келгенін, бірақ, телефонына хабарласа алмағандарын айтты.
Галина Фоменконың сөзінше, Мария Бурактың өзі кінәлі. Оның жолдамасы шілде айында дайын болған, ал өзі қарашада келіп отыр. Бірақ, Мария прокуратура мен БАҚ өкілдеріне шағымданған соң оған қоңырау шалып, ортезді алып кетуге не үшін шақырылғаны түсініксіз. Бурак кешігіп, ала алмаған ортез қайдан пайда болды деген сұраққа Галина Фоменко ол құралды демеушілік көмек ретінде сатып алмақ болғандарын мәлімдеді. Күтпеген жомарттық деген осы болар. Ал Мария Бурак шақыртуды қабыл алмаған (айтуынша, көлік те тауып бермек болыпты). Қазір ол прокурорлардың тексеруі қандай нәтижемен аяқталарын күтіп отыр. Тек өзі мен баласы үшін ғана емес, дәл осындай сорақы жағдайға тап болған басқа мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жаны қайысатынын айтады.
Фотоларды түсірген - Мария БУРАК