11 сәуір, 19:36
Бұл туралы Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова мен шымкенттік кәсіпкерлер бастаған үкіметтік жұмыс тобы кездесті. Кеңесте әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік жауапкершілікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы нысан салынатынын атап өтті.
– Жақын арада біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда оңалту және салауатты өмір салтын жүргізу үшін арнайы залдар болады, - деді қала әкімі.

МЖӘ аясында бұл ғимарат "Отау Строй" компаниясының басшысы, белгілі меценат Қайрат Молдасейітовтың қолдауымен салынатын болады. Қазір бұл компанияда 765 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 72-і көпбалалы аналар, 15-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Гүлшара Әбдіхалықова Мемлекет басшысының тапсырмасын негізге ала отырып, бизнес қоғамдастыққа және кәсіпкерлерге аз қамтамасыз етілген отбасыларға барынша көмек көрсету мен проблемалы мәселелерді уақытында шешуде белсенді болу қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында Шымкент қаласында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның 30-ы тұрғын үй құрылысы, 15-і білім беру, 36-сы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, 19-ы көлік инфрақұрылымы бойынша. Оларды орындау нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сондай-ақ, мамыр айында Шымкентте әлеуметтік жағынан осал отбасылар үшін 540 пәтер пайдалануға беріледі. Оның ішінде көпбалалы аналарға 177 пәтер беріледі деп жоспарлануда.
Автор:
Elitar.kz