Шымкентте әйелін пышақтап өлтірген экс-прокурор 11 жылға сотталды

19 қараша, 15:39

Бүгін Шымкентте әйелін қызғаныш үстінде өлтірген бұрынғы прокурор Қанат Исаұлына сот үкімі оқылды.

2018 жылдың 11 мамыры күні ер кісі жұбайын туған күнімен құттықтау және татуласу үшін оның жұмысына келеді (ерлі-зайыптылар араздасып қалғандықтан, бөлек тұратын). Бірақ, екі арада дұрыс әңгіме өрбімей, ол азамат қызғаныштан әйеліне бірнеше рет пышақ жарақатын салады. Бұл оқиға марқұм жұмыс істейтін университеттің текпешек алаңшасында болған.
Көп қан жоғалтқан әйел көз жұмады, ал өлтірген күйеуі қашып кетпек болады. Оны осы оқиғаға куә болған студенттер қуып жүріп, далада ұстап алған.
Тергеу барысында ер кісі барлық әрекетін мойындады, дегенмен, әйелін өлтіргісі келмегенін, ал пышақ қалтасынан кездейсоқ табылғанын айтқан.
Анық болғаны, бұл – Қанат Исаұлының екінші некесі. Ол бірінші әйелінен ұзақ жанжалдасып жүріп ажырасқан, содан кейін балаларын қайтару үшін соттасқан. Бұрынғы прокурордың екінші әйелінен бір баласы бар. Қазір 1,5 жасар ол сәби марқұм анасының ата-анасының қолында.
Исаұлы ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы – қасақана кісі өлтіру бабымен сотталды. Ауданаралық мамандандырылған сотта оған қатысты сот үкімі оқылып, 11 жылға қатаң тәртіптегі түрмеге жабу жазасы кесілді.
Қанат Исаұлы Түркістан қаласы прокурорының көмекшісі болып жұмыс істеген. Қылмысқа бармай тұрып аз уақыт бұрын ол өз еркімен жұмысынан шыққан.