​Шымкентте Қазақстандағы алғашқы көтерме-бөлу орталығы ашылды

02 наурыз, 13:26

Оның бірегейлігі сол - өндіруші-сатып алушы желісінде үш делдал - алыпсатар, көтере сатып алушы және шағын көтере сатып алушы жоқ.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерме-бөлу орталықтары желісін дамыту туралы тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма Үкіметтің отырысынан кейін 1 айдан кейін орындалып отыр.
"GraMadRetail" басқарушы компаниясының директоры Сәкен Дилимбетовтың айтуынша, бұл орталықтың нәтижесінде делдалдардың ұзын тізбегі жойылып, тауарды сұрыптау мен орау кезінде жоғалмай, өнім тиімді бөлінеді.
"Бұған қоса КБО-да "GraMad" сауда кешені, логистикалық бөлу орталығы мен көтерме қоймасы бар. Нысан қаланың негізгі автожолдарының қиылысында, қаланың әкімшілік орталығына жақын жерде орналасқан, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай соғылып, жабдықталған", - дейді Сәкен Дилимбетов.

Ал гипермаркетте сатып алушыларға тауарларды төмен бағада сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
"Клиент бізден бір тауар сатып алса, бөлшек бағамен алады, ал екі және одан көп тауар сатып алса, ұсақ көтере сатып алушы ретінде жеңілдікке ие болады. Көтере сатып алушылар үшін де жеңілдіктер бар. Басқа дүкендер мен базарлармен салыстырғанда біздің тауардың бағасы төмен", - дейді Сәкен Дилимбетов.


КБО ашылуына қалалық әкімдік қолдау көрсетіп, несие пайызын субсидиялаған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, КБО үлкен артықшылығы - көтерме және бөлшек сауданы тауарды жеткізу мен босатудың бірыңғай логистикалық орталығына біріктіру. Соның нәтижесінде біздің өңірдегі баға құрауға оң әсер етеді.
Бұған қоса бұл орталықтың жетекшілері қала әкімінің кәсіпкерлерге жасаған отандық өндірушілерді қолдау туралы ұсынысын қолдап, "Шымкент өнімдері - Өзіміздікін сатып ал" ұранымен тауарлар сатылатын қатарларды бөлді.

Айта кету керек, бөлу орталығының жалпы ауданы - 11 000 ш.м., гипермаркеттің көлемі - 3300 ш.м., логистикалық бөлу орталығы - 6700 ш.м. және көтерме қойма - 1000 ш.м. 300 көлікке шақталған тұрағы бар. 200 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.