Шымкентте жеңіл көлік жолаушысы автобус жүргізушісін соққыға жықты

07 ақпан, 10:38

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында Шымкентте “Volkswagen Golf” маркалы автокөлігі мен “Кіа Comby” маркалы автобустың жүргізушілері жолды бөлісе алмай, салдарынан жанжал туындаған. Жанжал соңы төбелеске ұласты. “Volkswagen Golf” автокөлігінің жолаушысы автобус жүргізушісінің бет тұсына бірнеше рет соққы жасап, кейін жеңіл көлікке отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленуші полицейлерге арызданған.

Аталған жайт Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Сараптама тағайындалған. Күдікті ұсталды, ол жергілікті тұрғын болып шықты. Орын алған қылмыстың онша ауыр еместігі есепке алына отырып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.