Қайғылы жағдай туралы заңгер Еркін Қахаров өзінің желі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Elitar.kz.
"31 қаңтар күні Аружан 3 қабаттан секіріп кетті. Оның жасы 18-де еді. Омыртқасы бүлініп, бас-ми жарақатын алды, бетіне 10 см тыртық түсті, ал ішкі дүниесінде күйзеліс. Оны 2019 жылдың 18 қаңтар күні, таныстықтан бірнеше күннен кейін ұрлап кетті. Ұрлаған Сұлтан қыздың тілегін де сұрамаған, ұрлап әкеткен соң бір аптадан кейін зорлап, пәктігінен айырды. Содан кейін минут сайын қорлап, 3-қабаттан секіруге мәжбүрледі. Аружанның ақысын қайтарар ауқатты ата-анасы, ағалары жоқ. Басқа құрбылары сияқты ол да сұлу, қалыңдық атанып, ана болсам, берік жанұя құрсам деп армандаған болар, енді оның барлығы артта қалды. Алда белгісіздік, мүмкін, мүгедектік пен сәтсіздік күтіп тұрған болар.
Аружанның "жұбайы" жерде әлсіреп жатқан қыздың жанында үнсіз тұрып, ары қарай не істеу керегін тыңдау үшін анасына кетті. Жедел жәрдемді басқа адамдар шақырған. Ауруханада телефонын ата-енесі алып қойып, туған ата-анасы қайғылы жағдай туралы бір тәуліктен кейін ғана естиді. Осы уақыт аралығында Аружанның 20 жастағы қатыгез жұбайы (отбасындағы жалғыз ұл) мен оның ата-анасы оған ыстық шәй да әкеліп бермеген. Қыз бен оның ата-анасы полицияға шағымданатын болса, қорқытқан.
Ауруханаға мұндай жарақатпен түскен адамдардан полиция сұрақ-жауап алуы тиіс, ал олар палатаға жай ғана кіріп, сөйлеспестен шығып кеткен.
Шымкент қалалық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметін осы іс бойынша ішкі тергеу жүргізуді сұранамын. Бұл іске қызығушылық танытқан барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмылуын өтінемін. Жәбірленушіге осындай тақырыпқа маманданған психологтың көмегі қажет.
Тағы бір тағдыр аяққа тапталды. Қаталдықпен, қатыгездікпен тапталды. Адам проблеманы шешудің жолын тек өмірден кетуден ғана тапса, онда бұл бүкіл қоғамның проблемасы. Ерте ме, кеш пе, кез келген адамның басына түсуі мүмкін.