Шымкентте қоғамдық тамақтану нүктелерінің бірі бұзылды

14 мамыр, 06:05

​Бес жылға созылған істің нүктесі қойылды. Сот шешімімен бұрынғы аялдама павильонында орналасқан қоғамдық тамақтану нүктелерінің бірі бұзылды.


Бес жыл бұрын қала тұрғыны Байтұрсынов көшесіндегі аялдама павильонын жекешелендіріп алған. Салқын сусындар сатудан басталған сауда нүктесі біртіндеп нағыз қоғамдық тамақтану орнына айналды. Адамдар мұнда келіп түстенетін немесе жәй ғана жүрек жалғап алатын. Ыңғайлы ма? Тағамдар барлық санитарлық талаптарға сай жасалған болса ыңғайлы дер едік, алайда олай емес.
Әкімдік қызметкерлері бірнеше рет сауда нүктесінің иесіне кәсібін нормаға сай жүргізуді ескертті. Тіпті санитарлық жағдайына қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар келіп түсті. Алайда, ешқандай нәтиже болмады.
Мәселенің жалғыз шешімі сот болды. Әкімдік нысанды бұзу туралы сотқа жүгінді. 2016 жылдың 21 қарашасында құрылысты бұзу туралы сот шешімі шықты. Дегенмен, нысан иесі сот шешімін елемеді де. 2018 жылдың 2 мамырында Әл-Фараби аудандық соты нысанды мәжбүрлі бұзу туралы шешім шығарды.
Еске салсақ, қазір қалада қызыл сызыққа өтіп кеткен құрылыс және санитарлық нормаға сай келмейтін нысандармен күресті белсенді түрде жүргізуде.