​Шымкентте жүрегі тоқтап қалған 90 жастағы әжей қайта тірілді

04 қаңтар, 18:00

Шымкентте жасы 90-ға таяған қарияның жүрегі тоқтап, өлім аузынан қалды. Әбүйір болғанда, ақ халаттылар арнайы шақыртумен жетіп, әжейдің өмірін сақтап қалды

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының мәліметінше, бұл жағдай 4-қаңтар күні орын алған. Дәлірегі, бүгін, таңғы 05:30-дар шамасында қалалық жедел жәрдем станциясына 90 жастағы қарт әжейдің жүрегі тоқтап, ес-түссіз жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Жедел жәрдем қызметі науқасқа шұғыл жетіп, кейуананың инфаркт алғанын анықтаған. Және сол мезет реанимациялық ем-дом жасайды.
Қуантарлығы, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде жүрегі тоқтап қалған әжейдің жүрек қағысы қалпына келген.
Сонымен, жедел жәрдем жасағы жүрегінен инфаркт алған әжейді Шымкент қалалық кардиология орталығына жеткізді.
Дәрігерлер жүрегі тоқтап, ажалмен арпалысып, бір өліп-тірілген тоқсандағы қарияның жағдайы бірқалыпты екенін мәлімдеді. Әзірге аталған емдеу мекемесінде ем қабылдап жатыр екен.
Арда Бауыржанқызы