"Қызылорда-Құмкөл" трассасында автобус аударылып, 8 адам мерт болды

03 желтоқсан, 11:26

Бүгін, 3 желтоқсанда таңғы сағат 5:25-те "Қызылорда-Құмкөл" автожолында жолаушылар автобусы аударылып кетті. Алдын ала деректер бойынша, жол апаты жүргізушінің автобусты дұрыс басқара алмауынан орын алған.

Алғашында оқиға орнынан төрт адамның денесі табылды. Зардап шеккен 15 адам автобустан шығарылды.

Таңғы сағат 9.00-дар шамасында авариялық-құтқару жұмыстарынан кейін тағы 2 адамның мерт болғаны белгілі болды. Зардап шеккен 14 адам сыртқа шығарылды.
ТЖК соңғы мәліметтері бойынша, салонда 35 адам болған. Қаза болғандар саны - 8. Оның біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды.

Ауыр зардап шеккен 6 адам, орта ауырлықтағы - 16, жеңіл дәрежедегі жарақат алған 7 жолаушы облыстық ауруханаға жатқызылды. Республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан қолдау, оның ішінде санитарлық авиация бригадаларының шығуы жүзеге асырылды.

Айта кетейік, статистикалық мәліметке сәйкес Қазақстанда жыл сайын 18 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркеледі. Салдарынан 2,5 мыңға жуық қазақстандық қаза тауып, 23 мыңға жуық адам жарақат алады.