22 қаңтар, 19:17
Әлеуметтік желілерде бір топ жасөспірімнің төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік танытып, тіпті тепкінің астына алған сәтінің видеосы пайда болды, деп хабарлайды Elitar.kz.
Әлемжеттік көрсеткендер жасөспірімдерді тізерлеп отыруға мәжбүрлеп, ұрып-соғады. Мұнымен қоса құлап жатқан оқушылардың үстіне секіруде. Арасындағы біреуі темекіні жәбірленуші оқушылардың тіліне басып сөндірем деп қорқытады. Осының барлығында жоғары сынып оқушылары қазақша балағаттап, боқтық сөздерді жаудыруда.
ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникация департаментінің директоры Алмас Сәдубаевтың айтуынша, полицейлер видеода оқушыларды ұрған жеткіншектерді анықтаған.
«ІІМ видео-ақпарат бойынша тез арада әрекет етіп, таралған мәліметтерді анықтауға кірісті. Видеодағы әрекеттер 18 қаңтар күні Түркістанда болған. Бұзақылық әрекетке қатысы барлардың барлығы анықталды», - дейді Сәдубаев.
Оның айтуынша, ҚР ҚК 293-бабының 2-тармағында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша («Топпен бұзақылық жасау») сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Жасөспірімдер зардап шеккен жағдайды ескере отырып, ІІМ болған оқиғаны тез арада тексеріп, өңір әкімдігі алдында кешенді алдын алу іс-шараларын жүргізуді қозғамақ», - деді Алмас Сәдубаев.
ЕСКЕРТУ: Видеода бейәдеп сөздер қолданылады
Автор:
Elitar.kz