Түркістан облысында әр айдың 20-жұлдызы Кәсіпкерлер күні деп жарияланды. Ай сайын осы күні ашық есік күндері – Түркістан облысындағы аудан-қалалардың бизнес қауымдастықтарының өкілдері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері арасынд «галстуксыз» кездесулер өтіп тұрады, - деп хабарлайды Түркістан облыстық КИИД басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar. kz.
«Кәсіпкерлер өздері кездескен түрлі әкімшілік кедергілер мен мемлекеттік органдар тарапынан тұсау болатын факторларды, заңсыз тексерулер туралы хабарлай алады. Біз бизнестің дамуына кедергі болатын фактілердің барлығын қараймыз», - деді өңір әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков.
Бұл идея Түркістан облыстық әкімдігінің жаңа «Адал кәсіп – адал нәсіп» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ашық есік күндері билік өкілдері кәсіпкерлермен кездесіп, олардың арыз-шағымдарын тыңдайды. Нақты айтқанда кәсіпкерлердің проблемалары мен бизнестің дамуына кедергі келтірер мәселелер туралы айтуына мүмкіндік бар.
Алғашқы «галстуксыз» кездесу Түркістан қаласында 11 ақпанда ұйымдастырылып, оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің жетекшісі Ғалым Тұрсынбаев, облыстық «Атамекен» ҰКП директоры Олжас Қаржауов, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жетекшісінің орынбасары Еркін Елшібеков, сондай-ақ, аймақтағы қаржы-несие ұйымдарының жетекшілері қатысады.
Кездесулер аясында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары, жер учаскелерін, техникалық шарттарды алу қызметтерін жеңілдету шаралары мен 2019 жылға арналған бизнесті дамыту жоспарлары ұсынылады.
Бұдан былай мұндай кездесулер Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларында әр айдың 20-жұлдызында өтіп, оған жергілікті әкімдер қатыспақ. Егер кәсіпкердің мәселесі жергілікті деңгейде тез арада шешілмесе, онда арыз-шағым облыстық әкімдіктің деңгейінде қаралады.
«Адал кәсіп – адал нәсіп» бағдарламасы аясында WhatsApp мессенджерінің онлайн-қызметі іске қосылды, соның нәтижесінде арыздар мен шағымдар әкімдіктің сall-орталығына шұғыл жіберілетін болады.
Кәсіпкерлер өз арыз-шағымын +7 778 55 60 30 нөміріне жаза алады. Нақты сын айтылған хабарламаларды билік мұқият қарастырып, кәсіпкерлік саласындағы жұмыстарды жақсартудың тиісті шараларын қолға алмақ. Ал тиімді ұсыныстар бизнес пен мемлекеттік орган арасындағы екі жақты іс-шараларға ендірілетін болады.