Президент сайлауы: қызыққа толы сәттер (ВИДЕО)

10 маусым, 20:00

9 маусым еліміз үшін саяси маңызға ие күн болды. Ел Президентін сайлау үшін қазақстандықтар өз таңдауларын жасады. Тарихта қалған күнде орын алған қызықты сәттер қандай? ELITAR.KZ порталы арнайы топтаманы назарларыңызға ұсынады.


Президент сайлауында бірінші болып дауыс берген азаматты білесіз бе? Ол Жапонияда білім алып жүрген студент Ілияс Құрманғали. Жас жігіт Токио уақытымен таңғы 7-де Қазақстанның Жапониядағы Елшілігіндегі сайлау бөлімшесінде дауыс берді. Бұл Нұр Сұлтан уақытымен таңғы сағат 4. Ал Бішкекте тұрып жатқан Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина да сайлаудан тыс қалмай, дауыс беруге келді. 102 жастағы өнер иесі қайда жүрсем де таңдау жасау парызым деп санайды.
Ел Президентін сайлау күні әлемге танылған боксшы Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегі өтті. Боксшы оқыған мектептің спорт залына үлкен экран қойылып, сайлаушылар жекпе-жекті көруге мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндік нұр сұлтандық сайлаушыларға да берілді.
Елімізде сайлау учаскелері таңғы сағат 7-ден бастап ашылса, ақтөбелік ғасыр жасаған әже Жәкібай Бисенғалиева таң ата салысымен өз учаскесіне келіп, дауыс берді. 103 жастағы әжей ешбір сайлаудан қалған емеспін дейді.
Ақтөбе тұрғыны Қабира Құрманова таңғы төртте өз сайлау учаскесіне барып алған. Сайлау бөлімшесінде алғаш болып дауыс берген 78 жастағы әжей сыйлыққа сусабын алып қайтты. Айтпақшы, қарт тұрғын сайлау сағат таңғы алтыдан басталады деп ойлапты.
Түркістан қаласында дауыс берген қария Жақсылық Әбуов бұл учаскеде алғаш болып таңдауын жасағаны үшін сыйлық алды. Қуанышын жасыра алмаған тұрғын учаскеден билеп шықты. Орамал тон болмайды, жол болады деген осы шығар...
Қашан да таң қалдырудан шаршамайтын Шымкент бұл жолы да көптің аузында болды. Ақ орамалды мына жас келін елдің қызу талқысына түсті. Беташар күте тұрар, бірақ сайлауда дауыс беру – азаматтық парыз деген болуы керек.
№2 сайлау учаскесіне келген мына бір қария жұртты күлкіге қарық қылды деуге болады. Қолына бюллетенін алған Шымкенттің 80 жастағы тұрғыны үміткерлер тізімінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты таппай дал болған.
Басқа-басқа шымкенттік Қабылбаевтар отбасы үшін 9 маусым тарихта қалатын күн. Жас жұбайлардың отау құрған күні саяси маңызға ие датамен тұспа тұс келген. Олар тойдың қарбаласына қарамастан №37 сайлау учаскесіне келіп өздерінің таңдауларын жасады.
Айта кетейік, еліміз бойынша 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ел тұрғындарының 11 814 019 дауыс беру құқығына ие болса, кешегі өткен сайлауда олардың 77,4 пайызы өз таңдауын жасады.
Ал сіз сайлауға бардыңыз ба?