Дәрігерлер Шамалғандағы апаттан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

16 қыркүйек, 13:15

Зардап шеккендердің үшеуі ауруханаға жеткізілді. Олар 33 жастағы әйел азаматы және оның 2014, 2016 жылдары дүниеге келген қыздары. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

"Зардап шеккендердің жағдайы ауыр. Қазір олар реанимация бөлімінде жатыр. Бүгінгі күні өзгеріссіз. 2016 жылғы науқастың диагнозы: жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының ауыр дәрежедегі жарақаты, кеуде қуысының жабық жарақаты. Сол жақ өкпенің соғылуы. 2-3 деңгейдегі кома. Реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Екінші науқас – 2014 жылы дүниеге келген. Оның диагнозы: жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежедегі зақымдануы. Оң жақ-самай сүйегінің сынуы. Оң жақ субдуральды гематома, 2-3 деңгейдегі кома", - деп хабарлады басқармадан.

Қыздардың анасы да реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.

"Оның диагнозы: аралас жарақат. Жабық бас сүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы. Оң жақ иық сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінің жабық фрагментті сынығы, сол жақ бұғана ортасының үштен бір бөлігінің, сол жақ жауырынның денесінің ығысуы. Бірінші дәрежелі жарақаттық шок", - деді ведомстводан.