Бұл туралы Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев мәлімдеді. Балақай терезедегі торға сүйкенгенде тор шыдас бермей, сәби бесінші қабаттан құлап кеткен.
Көптеген жарақат алып, ес-түссіз жатқан балақайды жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға жеткізеді. Оған миы шайқалып, соққы алған, бастың көптеген жарақаттары, жабық бас-ми жарақаты, кеуде тұсының жарақаты, дененің көптеген жарақаты деген диагноздар қойылып, бір айдан астам уақыттан бері емделді.
«Балақай ес-түссіз халде жеткізілді. Тек төртінші тәулік дегенде өзіне келді. 20 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Құдайға шүкір, сәтті емделіп, жазылып шықты. Бізде мұндай жағдай жылына 3-4 рет тіркеледі. Барлығы тірі, сау жүр. Әсіресе, жазда қиын, ата-аналар балаларын қараусыз қалдыратындықтан осындай жағдай болып тұрады», - дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.
Айта кету керек, бұл жағдайда бала пәтерде ата-ананың қарауынсыз қалған. Ол дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде аман қалып отыр. Дәрігердің айтуынша, мамандар тез арада қолдан келген емнің барлығын жасаған.
Мұндай келеңсіз жағдайдың барлығы дерлік бірдей болады. Бала терезедегі торға сүйеніп, төмен қарай құлап кетеді. Әдетте зардап шегушілердің жасы 2-5 жас аралығында.