"Жәбірленуші бізге 6 қазанда келіп түсті. Оның жалыннан болған термиялық күйігі бар, денесінің 75% зақымданған. Аса ауыр күйік шокі, жоғарғы тыныс алу жолдарының термоингаляциялық күйік зақымдануы және 2-3 дәрежелі конъюнктиваның күйігі анықталды. Қазіргі уақытқа дейін пациенттің жағдайы өте ауыр", - деді дәрігер-реаниматолог Татьяна Лебига.
Естеріңізге салсақ, кеше, 6 қазан күні сағат шамамен 11.40-та полицияға Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлік аялдамасында (Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ауданы) денесінде күйік шалу белгілері бар әйелдің отырғандығы туралы ақпарат түсті. Әйел бірден ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдікті ретінде әйелдің 43 жастағы күйеуін ұстады. Полиция департаментінің мәліметінше, отбасылық жанжал кезінде ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген.
Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Ол тергеу изоляторына қамауға алынды.