Қазақстанда зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Оларды іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделетін болады. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы орта есеппен 138 мың теңгеге дейін артады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
«Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға (3 жыл ішінде 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды» деп атап өтті ведомстводағылар.