Мүмкіндігі шектеулі жан әлеуметтік көмекті де ала алмай жүр
I-топ мүгедегі Рүстембек Серікбаев баспана кезегіне тұрғанымен, кезегім әлі күнге жылжымай келеді деп ашынып отыр. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына келіп жанайқайын жеткізген тұрғын биліктегілерден араша сұрап отыр, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
"Нұр Отан" партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 10 азаматтың өтініші қаралды. Солардың бірі - «Нұр Отан» партиясының қабылдауына үлкен үмітін арқалай келген І-топ мүгедегі Рүстембек Серікбаев. 2013 жылы баспана кезегіне тұрған ол партия басшылығына кезегінің әлі күнге дейін жылжымай тұрғанын айтып шағымданды. 5 жылдан бері өзгенің үйін паналап келе жатқан жарымжан азаматтың қамқоршысы тиісті әлеуметтік көмекті де алу қиындап кеткендігін жеткізді. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мамандары одан жұмыс істейтіні жөнінде анықтама талап еткен. Қамқоршының айтуынша, мүгедек бауырын күтетін адамның болмағандығынан жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаған. Партияның филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов тиісті сала маманынан жауап алып, мәселенің мән-жайына қанықты. Тиісті сала маманының айтуынша, І-топ мүгедегі Рүстембек Серікбаев 2013 жылдың 8 тамызында үй кезегіне 4981-ші болып тіркелген. Бүгінгі таңда 2389-ші кезекте тұр. Маман тұрғын үйге кезек электронды тәртіппен жылжитынын, оған адам факторы араласа алмайтындығын, мүгедек заматтың 5 жылдан бері кезегінің жылжымай тұрғандығы жөніндегі шағымы негізсіз екендігін айтты.
Қабылдауға келген өзге тұрғындар әлеуметтік мәселелер, жол құрылысы, партиялық жобаларды іске асыру және басқа да мәселелер бойынша өтініш білдірген. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты.
Бахадыр Нарымбетов қоғамдық қабылдауға келген азаматтарды мұқият тыңдап, тиісті өтініштердің орындалуын партиялық бақылауға алатынын, ай сайынғы есеп беру жиынында мәселелердің шешілу барысы тексеріліп, өтініш иелеріне есеп берілетіндігін айтты.