Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Темір көпір ауылының тұрғындары үш күннен бері балаларын сабаққа жібермей отыр.
“Өйткені, ауыл мектебі апатты жағдайда. Бұрын вокзал болған ескі ғимаратта бала оқыту қауіпті”, - дейді тұрғындар.
“Балаларымыз қазір мектепке бармай жатыр. Аудандық білім бөлімі онлайн оқытуға рұқсат етпей, оқушыларды уақытша басқа жерде оқытпақ. Ол үшін ауылдағы ескі үйді сатып алған. Оның қазіргі мектептен еш артықшылығы жоқ. Тар, ішіне тек 3 парта сияды”, -дейді Темір көпір бекетінің тұрғыны Тюльпан Дүйшебаева.
“Ауылда санақ жүргіздік. Мектеп жасындағы 98 бала бар екен. Оның 28-і ауылдағы бастауыш мектебінде оқиды. Қалғаны көрші ауылдағы интернат пен аудан орталығындағы, қаладағы туыстарының үйінде жатып, білім алуға мәжбүр. Біздің ауылда мектеп салу үшін қанша бала болуы керек? Аудандық шенеуніктер 5 жыл бұрын 60 орындық мектеп саламыз деп кеткен. Әлі күтіп жүрміз”, - дейді тағы бір тұрғын Гүлмира Төлегенова.
“Қазір мектептің жобалық сметасын түзетіп жатырмыз. Құжатты қолға алғаннан кейін облыстық бюджеттен ақша сұраймыз. Ол мәселе болмайды, қаражатты бөлеміз. Құрылысын биыл жыл аяғына дейін бастайтын боламыз. Бірақ, қыркүйек айында қалай да балаларды оқумен қамтамасыз етуіміз қажет”, -деді әкімдік өкілі.
“Бізге ондай мектеп керек емес. Балаларымызды жібермейміз. Келесі аптадан бастап интернаттың да балалары сабаққа баруды тоқтатады”, - деді “Темір көпір” бекетінің тұрғыны Еламан Қапанов.