Жамбыл облысында салауатты өмір салтын ұстануға арналған 10 күндік акция жарияланған. Сондай іс-шаралар легі «Зиянды әрекетке әуес болма!» ұранымен облыстық балалар ауруханасында өтті.
Күні бойы ашық есік күні жарияланып, кез – келген шылым шегетін қала тұрғынына кеңестер беріліп, дәрігерлер бұл әдеттен арылу жолдарын айтып берді. Сондай-ақ, емделуші балалар арасында «Біз жарқын болашақты таңдаймыз!» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Қатысқан әрбір балаға естелік сыйлықтар табысталды.
«Мұндай акция жыл сайын өткізіледі. Біз балаларды емдейтін болғандықтан, өсіп келе жатқан буынға алдын алу үшін ескертуіміз міндет және орынды деп есептеймін. Қазірден саналарына сіңіре білсек, болашақта денсаулығына зиянды әрекеттерге бармайды деген сенімдемін»,-дейді аталған мекеменің дәрігер эпидемиологы Альмира Әбділдә.
Еске салсақ, жыл сайын, қарашаның үшінші бейсенбісінде темекі шегуден бас тарту күні атап өтіледі. Шараны 1977 жылы Американдық Cancer Society онкологиялық қоғамдастығы қолға алған.