​«Жартастан итеріп жіберген». Ақсу өзенінен мәйіті табылған әйелдің қалай өлгені белгілі болды

31 қазан, 14:25

Түркістан облысында Ақсу өзенінен мәйіті табылған әйелдің қалай көз жұмғаны белгілі болды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментіндегілер хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, 10 қазан күні Төлеби ауданының полиция бөліміне Ақсу өзенінде мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.

Полицейлер қаза тапқан адамның жеке басын анықтады. Ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ Шымкент қаласы ПД Еңбекші АПБ-на әпкесінің хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша туыстары арызданған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің көршісі болған Төлеби ауданының тұрғынын ұсталды. Белгілі болғандай, ақшалай қарыз қылмысқа себеп болған. Қарызды қайтармау үшін күдікті көршісінен құтылуға шешім қабылдап, алдау арқылы жәбірленушіні Ақсу өзеніне апарған. Кейін жартастан итеріп жіберген. Алған жарақаттарынан әйел қылмыс орнында қайтыс болған»,-деді Полиция департаментідегілер.
Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен (кісі өлтіру) қылмыстық іс тіркелді және сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.