Жетісу облысы Ескелді ауданында ауылдасының өліміне қатысы бар деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген 43 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментіндегілер хабарлады.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды. Арнайы жасақ жауынгерлеріні көмегімен күдікті ұсталды. Аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігіне (жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде", - деп атап өтті ведомствадағылар.