Түркістанда мемлекет қажеттілігі үшін алынатын үйлерді сүру басталды. Жергілікті билік тек өтемақы төленген азаматтардың үйлерін ғана сүреміз деп сендіреді. Ал тұрғындардың айтары басқаша. Олардың айтуынша, үйлері ескертусіз, басқа баспана іздестірмек түгілі көшіп кетуге уақыт берілмей сүрілуде, деп xабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Түркістандағы үйлерді сүру мәселесі баспанасы алынатын азаматтарға ғана емес, шенеуніктер үшін де үлкен проблемаға айналып барады.
Түркістан тұрғыны Жандос Нарымбай өзі тұрып жатқан үйдің қалай сүрілгені туралы айтып берді.
«Біз ұйықтап жатқанбыз. Бір кезде үйдің дірілдеп жатқанын сездік. Заттарымызды алып, далаға атып шықсақ, үйімізді бұзып жатыр! Үйдің иесі, біздің ағамыз қоңырау шалып, сүруге рұқсат бермегенін айтты», - дейді Жандос Нарымбай.
Жас жігіттің айтуынша, үйді бұзатын компания ешқандай құжат көрсетпеген. «Мен оларға біз тізімде жоқпыз ғой десем, ештеңе білмейміз дейді».
Үйдің бұзылатынын естіп, Жандостың анасы келді. Үйдің сүріліп жатқанын көріп, есінен танып қалған. «Анамның есін жиюына дәрігерлер көмектесті»,-дейді Жандос.
«Мұның барлығын көрген әкімнің орынбасары тезірек ақшасын төлеңдер дегенді айтты».
Бұл отбасы тұрған үй Жандостың ағасына тиесілі болатын. «Ол үйді менің әкеме беріп, тұра беріңдер деді. 30 жылдан бері қалыпты жағдайда өмір сүріп келдік. Мен білмеймін, үйдің құжаттары мен ақша ағамда».
Түркістан облыстық әкімдігінің өкілдері үйдің сүрілетінін және өтемақы туралы растады, 9 млн 600 мың теңге төленген.
«Рабиға Сұлтанбекова көшесіндегі үй, бұл – барак типтес құрылым. Иесі Омаров Мұхамеджан. Аумағы 6,3 соттық жер 9 млн 600 мың теңге деп бағаланды. Ол қаржы төленген. Бұдан бірнеше күн бұрын иесіне ескертілді, хабар берілді. Иесі үйді сүруге рұқсат берді», - дейді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мадина Байғұт.
Баспанасыз қалған отбасының енді қайда баратыны белгісіз. Егер Жандостың ағасы өтемақыны алғаны рас болса, ол туыстары үшін баспана сатып алуы мүмкін.
Қазіргі таңда Түркістандағы баспана бағасы біршама қымбаттап кетті. Тегін хабарландырулар сервисінде қаладағы үйлердің бағасы жағдайы мен қала орталығынан қашықтығына байланысты 7 млн және одан жоғары бағалануда.