Жолдау жаңа міндеттер жүктейді

12 қазан, 18:10

ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру аясында шаhардағы «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны АМАНАТ партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды.


Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев, Наргиза Керімбаева Мемлекет басшысының Жолдауындағы жаңа экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамытудағы жаңа өзгерістер, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтеру жөніндегі негізгі басымдықтарды атап берді.


– Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді мәслихат депутаты Т.Балтабаев.



«Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты.


Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Өз Жолдауында ол Қазақстандағы алдағы өзгерістер туралы айтты:

• Ең төменгі жалақы 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін көтеріледі.

* Әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылдан бастап 61 жасқа дейін төмендейді.

* Жаңа Салық кодексі әзірленетін болады, әкімшілендіру процесін цифрландыруға, сондай-ақ салық төлемдерін саралауға ерекше назар аударылатын болады.

* "Сән-салтанат салығы"енгізіледі. Ол қымбат жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын сатып алу кезінде алынады және орта тапқа әсер етпейді".

* Қазақстанда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылданады.

* Тұжырымдамалық жаңа құжат – қала құрылысы кодексі пайда болады.

* Автокөліктерді кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде бірыңғай алым енгізілетін болады.

* Оқуға жеңілдікті кредиттер берілетін болады.

* Бала күтімі бойынша төлемдер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5 жасқа дейін ұлғаяды.

* Фото және салық аударымдарын ұлғайтқан кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетіледі.

* Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылады.