Бұл туралы ТО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып elitar.kz хабарлайды.
Сарыағаш АПБ-не үйінде жылқы ұстап, саумал сату кәсібімен айналысатын әйел арызданған. Ол өз арызында тұрғын-үйінің жанында жүрген екі бас жылқысы белгісіз бағытқа кетіп қалып, жоғалғанын көрсеткен.
Жедел-іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары түнгі сағат 2-3тер шамасында белгісіз азаматтың бір жылқының үстіне мініп, екіншісін жетектеп бара жатқанын көріп, тоқтатады. Нәтижесінде, аталған жылқылар жәбірленушінің жылқылары екендігі анықталды. Ал, күдікті көрші ауылдың тұрғыны болып шықты. Тергеп-тексеру барысында, күдіктінің мас халде екені белгілі болды.
Жылқылар заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.