Мәжілісте жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы үкімет сағаты өтіп жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Жамбыл облысында тұратын көп балалы отбасыға атаулы әлеуметтік көмек қалай көрсетіліп жатқанын айтты.
Әбілқасымова мәжілістегі үкімет сағатында атаулы әлеуметтік көмек алып отырған Аманбаевтар отбасын мысалға келтірді. Көп балалы отбасы Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы Құмарық ауылында тұрады. Отбасында 7 адам бар.
"Анасы бір жасқа дейінгі баласының тәрбиесімен айналысады, әкесі жұмыссыз, қалғандар кәмелетке толмаған 5 бала. Отбасының ай сайынғы табысы былтырғы 55 мың теңгеден осы жылы 92 мың теңгеге дейін ұлғайды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көбейді", — деді министр жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу барысы туралы үкімет сағатында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, аталған отбасыға қосымша қолдау шаралары көрсетілді.
"Мәселен, анасы жалақысы 50 мың теңгені құрайтын әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылды. Яғни, мемлекеттен төленетін жәрдемақыдан бөлек қосымша 50 мың алып тұрды. Ал балалары мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етілді", — деді Әбілқасымова.