21 сәуір, 18:54
Бұл оқиға туралы №2 мектеп оқушысының анасы әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, үш оқитын қызы мектепке бара жатып, жолай дүкенге соққан. Онда жасы 60-65-тегі ер адам "бүгін туған күнім" деп қыз балаға тәтті сатып алып берген. Мектепке жеткенше соңынан ілесіп жүрген. Атын сұраған. Қай мектепте, қай сыныпта оқитынын біліп алған. «Қызым қорыққаннан айтып, мектепке жүгіріп кеткен. Бірақ, қызықтың бәрі кейін басталды. Ер адам кешке мектепке тағы барып, мұғалімнен қызымды сұраған. Қолында 5 мың теңгесі мен картиналар бар екен» деп жазады тұрғын.

«Сағат 17:15-те мектеп ауласында тұрған бейтаныс адамды кезекші мұғалім байқап қалған. Кімсіз? Не істеп жүрсіз деген екен. Қыздың атын атап, соны күтіп тұрғанын айтқан. Оның бөгде адам екенін түсінген мұғалім ауладан шығарып жіберді», - дейді №2 мектеп директоры Сания Дәнішева. Директор бейтаныс адамды шашы ақ, шамамен зейнет жасында деп сипаттады.
Бұл оқиғадан кейін оқушы қыздың ата-анасы полицияға шағым түсірген. Тәртіп сақшылары күдіктіні қамауға алды. Полиция департаментінің хабарлауынша, ол Германияның азаматы екен. Жеті жылдан бері біздің елде заңсыз тұрып келген. Үйі мектепке жақын.
Баланың ізіне түскен адам полицияға жағдайды басқаша түсіндірген. 19-сәуірде қайтыс болған әкесін еске алу күні құрметіне оқушы қызға тәтті бергенін айтқан. Ал мектепке өзі салған суреттерді сыйлау үшін бардым депті.
Полиция 1961 жылғы ер адамның үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 449-шы және 517-ші баптары бойынша «Қоғамдық орында кәмелетке толмаған балаға тиісу» дерегі және ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін екі әкімшілік іс қозғады. Күдікті 5 тәулікке қамалуы мүмкін немесе оған айыппұл салынады. Жазасын өтеп болған соң, елден шығарылады.
Ал білім бөлімі қаланың барлық мектептерінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырған.