Мемлекет басшысы: "Бәрін Атамқұловқа артып қоймаңдар"

30 қаңтар, 18:15

Елге инвестиция тарту жұмысын Үкімет мүшелері бір кісідей атқаруы керек. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әр уақытта келісе жұмыс істеудің жетіспей жатқаны байқалады. Сендер әртүрлі Үкіметте жұмыс істейсіңдер ме, әлде бір елдің ішінде жұмыс атқарасыңдар ма? Айналаға «өз ісімді қатырсам болды, басқаларда шаруам жоқ» деген ұстаныммен қарауды қою керек. Сол себепті, мәселені нақты келісілген жұмыс арқылы шешкен жөн. Әлемде инвестициялар үшін қызу бәсеке қалыптасқан. Сол себепті, дамыған елдердің инвесторларына баса маңыз бере отырып, инвестиция тартудың кешенді экожүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр», - деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Сыртқы істер министрі қызметіндегі Бейбіт Атамқұловқа мекемелерден әкімдікке дейінгі жұмысты үйлестіру міндеті беріліп отырғанын атап өтті.

«Бірақ, бұл жұмыспен тек сол ғана (Атамқұлов - авт.) айналысуы керек деп ойлап қалмаңдар. Бұл - бүкіл Үкіметтің ортақ міндеті. Ал ол өз мүмкіндіктерін елшіліктер арқылы қолданады. Бәрі де жұмыс істеуі керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.