​"Патамушта": Бетіне жұмыртқа лақтырылған экс-министр Әбденов жаңа қызметке тағайындалды

05 желтоқсан, 21:02

Серік Әбденов ҚТЖ төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп жазады Elitar.kz.

Әбденов Серік Сақбалдыұлы басқарма төрағасының ұжымдық мәселелер бойынша орынбасары қызметіне тағайындалып отыр. Бұл қызметке дейін ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының адам ресурстарын басқару бойынша атқарушы директоры болып келді.
2018 жылдың қарашасында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаевтың «ҚТЖ» басқарма төрағасы атанғаны белгілі болған еді. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК Алик Айдарбаев басқарады. ҚТЖ бұрынғы басшысы Қанат Алпысбаев «Самрұқ-Қазына» қорында қызмет атқарады.

Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов 2016 жылдың тамыз айынан «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ адам ресурстарын басқару бойынша вице-президенті болып қызмет етіп келді. 2013 жылдың шілде айында Серік Әбденов компания басқармасы төрағасының кеңесшісі болып тағайындалған еді.

Серік Әбденов Eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып 2012 жылдың қыркүйек айынан 2013 жылдың маусым айына дейін істеді.


Еске сала кетсек, 2013 жылдың сәуірінде Алматыда журналистермен кездесу өткізген сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке қарағандылық қоғам белсендісі Андрей Цуканов шикі жұмыртқа лақтырды. Белсенді «шыдамы таусылған соң» осындай әрекетке барғанын айтқан болатын. Себебі министрдің Алматыға зейнет жүйесінің реформасын халыққа түсіндіру үшін келген кезіндегі сәті белсендіге жақпай қалды. Нақтырағы, оның "патамушта-патамушта" деген жауабы ашуына тиді. Жұртпен кездеспес бұрын ол журналистер алдына шыққан еді. Цуканов жұмыртқаны осы журналистермен кездесу үстінде лақтырды.
"Мұндай адамдармен жай сөйлесуге болмайды. Себебі маңызды сұрақтарға «сондықтан да сондықтан» (патамушта-патамушта) деп жауап береді. Ол мұнда барлығымызды келеке етіп отыр. Біз не айтсақ та, реформаны іске асырады. Сондықтан жалғыз жол осылайша масқаралау болды" деген болатын қоғам белсендісі Андрей Цуканов.