​«Шөкеевтің арқасында қызметте отыр»: Қауесеттен шаршаған шымкенттік шенеунік кітап жазатын болды

29 қараша, 16:10


Ел арасында шенеунік Әлібек Нұртаевтың ұзақ жылдар бойы лауазымды қызметте отыруы қайын ағасы, бүгінде Үкімет басшысының орынбасары-Ауыл шаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевтің арқасында деген әңгіме жиі айтылып жүрген болатын. Шымкент қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев көптің көкейін біраз жылдан бері мазалап келе жатқан сауалға жауап берді.

«Мен барлық өзімнің жұмысымда жеткен жетістіктерімді ешкіммен байланыстыра алмаймын. «Сен қызметте мына кісінің арқасында отырсың» деп ешкім келіп бетіме басып айта алмайды. Кез келген адамның дәлелі бар ма келсін, мен сол күні арызымды жазып, жұмыстан шығып кетуге дайынмын» деген басқарма басшысы бүгінгі лауазымға маңдай термен жеткен жетістігінің арқасында отырғанын кесіп айтып, тіпті өзінің өмір жолы туралы кітап жазуға дайын екенін жайып салды.

«Мен қарапайым отбасыдан шықтым. Спортқа ата-анамның себепші болуымен келдім. Қазіргі жетістігім сол спорттағы маңдай термен келген еңбектің арқасы. «Өсекшілерге» айтсам, сенбейді. Қазір өзім туралы кітап жазуға дайын адаммын, бірақ өзімді зорға ұстап жүрмін. Әлі ерте секілді. Сонда кімнің арқасында қандай қызметке келгенім белгілі болады, тіпті аты-жөндерімен көрсетіп тұрып жазамын. Негізі небір қызық нәрселер жазуға болады... Мен қызметке ерте араласқан адаммын, біртіндеп қызметтік сатыда өстім. Біреудің танысы немесе басқасымен келген адам емеспін, толықтай кесіп айта аламын. Жақсылы-жаманды жұмыс жасап отырмыз, халық, ел куә. Біздің спорт саласындағы жетістіктер тек менің емес еңбегім емес, бүкіл басқарма, спортшылар мен бапкерлер тұр артта. Ауызбіршілікпен жасалған жұмыстар оның барлығы»,-деді Әлібек Нұртаев.

Күні кеше Шымкентке келген Үкімет басшысының орынбасары-АШМ Өмірзақ Шөкеев "күйеу баласының қызметте отыруына қандай да бір ықпалыңыз тиді ме?" деген Elitar.kz тілшісінің сауалына жауап беруден сыпайы түрде бас тартты. Себебі жеке өміріне қатысты сұраққа жауап бергісі келген жоқ.

Ақпарат ретінде айта кетейік, 37 жастағы Әлібек Нұртаев ҚР Спорт шебері. 2002жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ін тәмамдаған. Қызмет жолын ОҚО Туризм және спорт басқармасының бас маманы болып бастаған. 2013 жылы ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып тағайындалып, ұзақ жылдар бойы сол қызметті атқарды. Ал Түркістан облысы құрылып, Шымкент республикалық маңызы бар қала статусына ие болған соң ол қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасына басшы болып тағайындалды.