ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

19 қазан, 16:58

Шымкентте жол құрылысы жұмыстары қарқын алған. Жаңа асфальт төселіп, кеңейіп жатқан көше көп. Бүгінге дейін бірқатар айналма жол, көпірлер ел игілігіне беріліп те қойды. Құрылыс жұмыстарының сапасы, дер кезінде бітуі – жергілікті биліктің басты назарында.

Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов “Өтегенов” көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді.

Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.Құрылыс екі кезеңмен жүргізілуде.

1-кезең “Өтегенов” көшесі жалғасының құрылысы “Шымкент Сити” шағын ауданынан “Сырым батыр” көшесі аралығын қамтиды. Жалпы ұзындығы 1205 шақырым, ені 28 м. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты.

Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар орнатылуда.

“Өтегенов” көшесі жалғасының 2-кезең құрылысы “Сырым батыр” көшесі мен “Төлеметов” көшелері аралығы. Жалпы ұзындығы 970 м, ені 23,5 м.

Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.

Қазіргі таңда көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде.

Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.

Жолайрық жұмыстарын аралап шыққан шаһар басшысы Бәйдібек би мен Арғынбеков жолайрық құрылысы кезінде көлік қозғалысын реттеудегі маңыздылығын атап, құрылыс жұмыстары сапасын тексерді.

Мұндағы үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар ара­лығында қаланың көлік қозға­лысын реттеудің кешенді жоспа­рына сәйкес жүзеге асуда. Жолай­рық құрылысы аяқталғанда көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрықта ені 80 метрлік төрт-алты жолақты автомагистрал салы­нып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жос­парланған.

Қазір жолайрықтың Арғын­беков көшесі бойында тіреу қабыр­ғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Естеріңізде болса, осы жылдың 6 шілдесінде Бәйдібек би даңғылы бойында көлік қозғалысы тоқта­тылған болатын. Ал тамыз айының 31-і күні көлік жүктемесін азайту мақсатында Бәйдібек би даңғы­лының бойымен бір бағыттағы жол солтүстікке қарай уақытша ашыл­ған-ды. Ендігі кезекте жұмыстарды ыңғайластыра отырып, қараша айында №1 және №4 оң жақ өткел жолында көлік қозғалысын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ үшінші мегаполисте «Шығыс» айналма жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс барысы мен жұмыс сапасын арнайы барып тексерді. Айтып өтейік, «Шы­ғыс» айналма жолының құры­лысы былтыр басталған. 1-кезеңі №1 автожолынан Әл-Фараби кө­шесіне дейінгі аралықты, яғни ұзындығы 3,9 шақырым, ені 60 метр 4 жолақты жолды қамтиды. Қазір жол негізін әзірлеу жұмыстары то­лы­ғымен аяқталып, асфальт жа­бындысын төсеу жұмыстары жүр­гізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2023 жылдың 1 тоқсанында толы­ғымен аяқталмақ. Бүгінге дейін жұмыс­тарының 75 пайызы орын­далыпты.

Агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан мегаполис көшелерінде көлік кептелісін азайту бағытында айналма жолдарды дамыту жұмыс­тарының маңыздылығы да арта тү­су­де. Бұл бағыттағы жобалардан Ленгір тасжолынан бастау алып, А-2 Шымкент–Ташкент авто­жолына дейінгі аралықты қамтиды. 2021 жылы басталған нысанның жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Қазір Шымкент–Таш­кент жолында қиылысатын бөлік­те кө­пір құрылысы және жол жабы­ны жұ­мыстары жүргізілуде. Жол­дың 5 бө­лігінде жолдың негізін дайын­дау, 4,2 шақырымына асфальт жабын­дысының 1-қабатын төсеу жұмыс­тары аяқталды.

Сонымен қатар жолайрық аума­ғында көшелерді кеңейту бары­сында қаладағы әбден ескіріп, то­зы­ғы жеткен байланыс, электр қуа­ты, табиғи газ, сыртқы сумен қам­ту жүйелері орындарын қайта ауыстыру шаралары қатар жүр­гізілуде. Осынау кеңауқымды жоба­лар келер жылы толығымен аяқталғанда қаланың келбеті одан сайын ашыла түсетін болады.