​Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәдібеков қызметімен қош айтысты

20 қараша, 12:55

Жансейіт Түймебаев өзінің орынбасарын жұмыстан босатты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Шенеуніктің орнына Мәлік Отарбаев келді. Ол 1980 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастаған. Ал жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Түркиядағы елшілігінің үшіншісі хатшысы болған. Айта кетерлігі, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқарған болатын.

Ал орнынан босап қалған Ұласбек Сәдібековтің қандай қызметке барғаны әлі белгісіз.
Еске салсақ, Жансейіт Түймебаев наурыз айында Абай ауылындағы 7 жасар баланың зорлану оқиғасына қатысты резонанс тудырған іске қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол өз сөзінде қылмыстық оқиға дәлелін тапса, бірқатар лауазым иелерін жұмыстан босататынын айтты. Тіпті өзінің орынбасары Ұласбек Сәдібековті де.

Аталған істі тергеу барысында 4 жасөспірім күдікке ілінді. Алайда олардың жасы 14-ке толмағандықтан, үшеуі қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, тек біреуіне айып тағылды. Қазіргі таңда қоғам назарын аударған іске әлі нүкте қойылған жоқ.
ФОТО: otyrar.kz