Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысы кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Мамин туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап Elitar.kz.
– Ол жұмыс істеген жылдары өзіне сеніп тапсырылған қызметтерде нақты нәтижелерге қол жеткізді. Асқар Ұзақбайұлы өзін тәжірибелі менеджер ретінде көрсетті. Жаңа Үкіметтің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Асқар Ұзақбайұлы Маминнің кандидатурасын лайықты деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан өзге Парламент Мәжілісі Бюросының отырысына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің тәжірибесі мол екенін атап өтті.
– Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты.
– Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.