Жеңіс Қасымбек: Қазақстан мен Қытай арасында ешқандай құпия келіссөздер болған жоқ

05 қыркүйек, 15:14

Қазақстан мен Қытай арасында құпия келісім жоқ. Бұл туралы журналистер сұрағына жауап беру барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2015 жылы үкіметаралық келісім (Қазақстан мен Қытай арасында - ред.) бекітілді. Бұл келісім «Әділет» порталында жарияланған, оны кез келген адам оқып біле алады. Келісімде қай салаларда ынтымақтастық орнатылып, қай салаларға басымдық берілетіні жазылған. Шикізаттық өндіріс, химия, көлік және логистика, энергетика салалары қарастырылған. Мұнда еш құпия жоқ», - деді Жеңіс Қасымбек.

Вице-премьер Қытайдан ескірген, лас өнідірістер ауыстырылады деген ақпаратты теріске шығарды. Барлық жаңа кәсіпорындар қазақстандық стандарттарға сай болады.

Сонымен бірге, индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған бірлескен 55 жобаның біреуіне ғана мемлекеттік кепілдік берілген. Ол - Нұр-Сұлтан қаласындағы «ЛРТ» жобасы. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен өзге де институттар қатысатын жобаларға мемлекет кепілдік бермейді.