Алина Әділханованың не себепті Азия чемпионатына қатыспағаны белгілі болды

19 маусым, 15:30

Тайландың Паттая қаласында көркем гимнастикадан кезекті Азия чемпионаты басталды. Өкінішке қарай, ұлттық құрама көшбасшысы Алина Әділханова құрлықтық сайыстан сырт қалды деп хабарлайды Olympic.kz-ке сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Алинаның жарақатынан толық айықпауы жарысқа қатысуға мүмкіндік бермеген.

"Биылғы маусым мен үшін сәтсіз басталды. Өкінішке қарай, соңғы жарыстардың бірінде аздаған жарақатпен сынға түстім. Соның салдарынан өз өнерімді толығымен көрсете алмадым. Соған қарамастан, Қазақстан намысын абыроймен қорғауға тырыстым. Жарақатым Марбелья қаласында өткен Гран-при кезеңінен оралған соң сыр бере бастады. Бүгінде мен толығымен емдеу курсынан өтіп, қалпыма келудемін. Шілде айында жаттығуға кірісіп, тезірек қатарға қосылуға тырысамын",-деді спортшы.

Оны алда қыркүйек айында Бакуде өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр.

"Қазіргі басты мақсатым – чемпионатқа тас-түйін дайын болу. Оған дейін тамыз айында өтетін әлем кубогіне де қатысуым мүмкін. Әрине, Паттаядағы Азия чемпионатынан сырт қалғаным аздап көңіл-күйімді түсірді. Бірақ қазір маған жарақатымнан толық айығу өте маңызды. Қазір еліміздің намысын талантты спортшылар қорғауда. Командаластарыма құрлық сынында сәттілік тілеймін, - деді Алина.

Айта кетейік, Алина Әділханова көркем гимнастикадан Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы.