Түркістан облысының әкімі спортшыларға құрмет көрсетті

28 желтоқсан, 14:13

Биыл ел намысын түрлі деңгейдегі додаларда қорғап, жақсы нәтижеге қол жеткізген Түркістан облысының спортшылары аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолынан қаржылай сыйлыққа ие болды, деп жазады Elitar.kz

Облыс әкімі спортшыларға Төле би ауданында өткен "Тау самалы — жан самалы" шаңғы фестивалі кезінде құрмет көрсетті. Атап айтқанда, 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында чемпион атанған дзюдошы Дидар Хамза мен байдарка және каноэ есу спортының өкілі Евгений Алексеевке 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталса, олардың бапкерлеріне де дәл осындай сый берілді. Ал Азия ойындарында қола жүлдегер атанған Нұрлан Мырзабаев (таеквондо), Айжан Жылқыбаева (самбо), Татьяна Приходько (семсерлесу) және Гузаль Айнитдинова (теннис) мен олардың бапкерлеріне 300 мың теңгеден табысталды. Талай жыл бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжанов бастаған Түркістан облысының бокс құрамасы да өзге әріптестері секілді құрметке ие болды.

ФОТО: ТО баспасөз қызметі