19 қараша, 11:30
Кемінде 400 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.
Бұл – Франциядағы жанармай бағасының қымбаттауына қарсылық ереуілінің нәтижесі. Топ адамға байқаусызда бұрылып кеткен көлік бір әйелді басып, жәбірленуші мерт болды. Ал бұған дейін 220 адам зардап шегіп, 1 адам қаза тапқаны туралы хабарланған болатын. Жарақат алғандардың арасында 28 өрт сөндіру қызметкері, полицейлер мен жандармдар бар, деп хабарлайды ca-news Азаттық Радиосына сілтеме жасай отырып.
ІІМ мәліметінше, бүкіл елде өткен қарсылық акциясына 280 мыңнан астам француз қатысты. Ереуілге шыққандар жарық шағылыстыратын сары желет киіп алып көшелер мен жанармай бекеттеріне баратын жолдарды жапқан. Қазіргі таңда 228 адам ұсталып, 157 адам қамауға алынды.
17 қараша күні кешкісін Парижде ереуілшілер президент сарайына өтпек болды. Полицейлер оларға қарсы көзден жас шығаратын газ қолданған.
Бұл қарсылық акциясы француз билігінің 2019 жылы дизельді отын және бензинге салықты көтеру туралы шешіміне байланысты. Ресми Париж бұл қадамды ауаның ластануымен түсіндіріп, салықты көтеру туралы шешімнің күшін жоймайтындарын мәлімдеді.