Ресейліктер құрт жасап, қара жорға биін биледі

27 қараша, 14:00

Сочи қаласында өрбіген «SIFT» халықаралық туристік форумы аясында «Шипажай және туризм. 2018-2019 маусым» халықаралық туристік көрмесі өтті. Игі жобаға Қазақстан Республикасы да өзінің ұлттық павильонын ұсынып, төрткүл дүниені тәнті етті, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен Сочиге аттанған Қазақстанның туристік саласының өкілдері еліміздің таңғажайып табиғаты және Қожа Ахмет Ясауи, Түркістанға қатысты көрмелерді "3D-тур" түрінде көрсетіп, қызықты мәдени бағдарламасын таныстырды.

Қазақ делегаттарының қара жорға биін тамашалаған көрме қонақтары өздері де жұмыла билеп, мерекелік әсерге бөленді. Сондай-ақ, сазсырнай, шаңқобыз, дабыл сияқты ұлттық музыкалық аспаптармен шеберлік сабағына қатыса отырып, бір сәтте халқымыздың мол мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.
Павильонға бұрылған барлық қонақтарға бауырсақ, қазақстандық шоколад және ұлттық десерттер үлестірілді. «Қазақ дастарханы» шеберлік сабағы өткізіліп, онда қазақ тағамының бірегей өнімі - құрттың дайындау тәсілі көрсетілді. Келушілер де тосылған жоқ, жеңсік асты өздері дайындап, тұтынды. Өзара естелік суреттерге түсіп, әлеуметтік желілерге жүктеді.

"Қазақстан деген - тарихы мен тағлымы мол ел", - дегенді жиі еститінмін. Бірақ халықтың ұлттық қазынасы мұншалықты бай деп ойламаппын. Таң-тамаша күйге түскенімді жасырмаймын. Әсіресе, "3D" қондырғысы арқылы табиғатын көріп, алдағы уақытта саяхатшылар қатарынан табыламын деген ой туды. Ал ұлттық асханасына сөзім жоқ. Жаңа ғана тұтынған құрт пен сары майдың дәмі әлі де таңдайымда тұр. Сіздерге деген қызығушылығым еселеп, құрметім артты", - деді Сочи қаласының тұрғыны Надежда Стрельцова.

Айта кетейік, Қазақстандық павильонның салтанатты ашылу рәсіміне Сочи қаласының мэрі А.Пахомов, РФ Краснодар өлкесінің туризм мен олимпиадалық мұра министрлігінің министрі Х.Константиниди және Ресей Федерациясы, Краснодар өлкесінің Қазақстандағы Құрметті Консулы В.Мохначев қатысып, лентасын қиған болатын. Ал бүгінге дейін 5000-ға жуық ресейлік Қазақстан көрмесімен танысып, туристік орындардың табиғат сұлулығына қызығушылық білдірген.