Әлеуметтік желіде пайда болған видео Қазнеттің ашуын тудырды, деп хабарлайды Elitar.kz.
Facebook желісіндегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобында жария етілген видео қолданушылар арасында қызу талқыға түсті. Онда Қарабұлақтан келе жатқан көлік жүргізушісінің Польшадан келген туристпен болған әңгімесін байқауға болады.
«Қарабұлақтан келе жатқанмын ғой жолда. Біреу қол көтеріп тұр екен. Польшадан ғой, иә?» деп жолаушының есімін сұраған көлік жүргізушісі туристің қазақ тілін білмейтінін пайдаланып, боқ ауыз сөзді жаудырады. Тіпті польшалық жігіттің денесіндегі татуировкасына дейін сынап-мінеген ол видеоны өзі түсіріп отырғанын байқауға болады.
Көлік жүргізушісінің бұл әрекеті желідегілерге жақпай қалды.
«Тіптен соңына дейін қарай да алмадым, тым ұят», «Бұл дұрыс емес қой. Егер ол жігіт оған ағылшын тілінде боқ ауыз сөйлеп, балағаттасса. не болар еді? Көлік жүргізушісі де түсінбей отыратын еді», «Ол бәлкім бұны қызық әрі күлкілі деп ойлап отырған шығар. Шынына келгенде, ол өзінің тәрбиелік деңгейін көрсетті…», «Осындай адамдарды түсінбеймін. Шешелері жоқ па өздерінің?» деп ашуға булықты желі қолданушылары.
Кейбірі туристі келеке еткен жүргізушіні құзырлы органдар жазаға тарту қажеттігін де жарыса жазды.
Айтпақшы, шетелдік турист киелі Түркістан қаласына жол тартып бара жатыр екен.