Қылмыстық топ мемлекетке 1,9 млрд теңге шығын келтірді

29 қазан, 11:24

Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында жалған фирмалар әртүрлі заңсыз әрекеттерге барады. Осылайша, олар жосықсыз компанияларға салық төлеуден жалтаруға көмектеседі. Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде заңсыз қолма-қол ақша алу фактілерімен күресіп жатыр. Осылайша, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті заңды белшесінен басқан 13 адамды ұстады. Олар: А.Құрбанов, И.Рузахунов, Н.Мамырбеков, Д.Смородин, М.Зиемухамедов, А.Маслов, Б.Маматқалықов, П.Джурабаев, И. Кондратьева, А.Ключникова, Р.Хинизова, Б.Аблайханова, А.Щебельникова.

Тергеу барысында қылмыстық топтың 2019-2020 жылдар аралығында 18 кассалық фирма атынан жалған шот-фактура берумен айналысқаны анықталды. Осы жылдар ішінде аталған компаниялардың заңсыз айналымы 8,3 млрд теңгені құрапты. Оның ішінде кәсіпорындардың банктік шоттарынан 3,6 млрд теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Айта кету керек, 18 кәсіпорында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін міндетті өндірістік-техникалық база, жұмысшылар штаты мен қоймалар болмапты. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түріндегі 1,9 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Топ мүшелері әртүрлі мерзімге 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.