Түркістан облысының бас мұғалімі: біздің педагогтар бәсекеге қабілетті емес

10 қаңтар, 10:41

Түркістан облысының үздік мұғалімдері Түркияға аттанды. Әуежайдағы салтанатты шара - шығарып салу рәсімінде Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов өңірдегі педагогтардың басты кемшілігін атап көрсетті, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Түркия мемлекеті мен Түркістан облысы педагогтарының тәжірибе алмасу жобасы биыл алғаш рет қолға алынып отыр. 5 күндік жобаға күнгейдің бір емес, 40 педагогы жұмылдырылған. Және мұғалімдерді бастап бару үшін арнайы жетекші де бекітіліпті. Ал облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, айтулы жолдама кез келген педагогқа берілген жоқ. Бұл үшін арнайы талап ескерілген. Осылай деп тиісті ережелерді тілге тиек еткен Исатай Өмірзақұлы өңірдегі мұғалімдердің шетелдік білім жүйесі мен ондағы әріптестерінен қалыс қалуының басты себебін айтты.


"Біздің мұғалімдер мен ғалымдардың бір ғана кемшілігі бар! Ол - шетелге шыға алмауында. Шетелдіктермен санаса алмайды, тіпті тәжірибе алмаса алмайды. Себебі, мұғалімдер - тіл білмейді. Біліп тұрған дүниесін шетелдің адамына түсіндіре алмаған соң, бізде ештеңе жоқ, даму жоқ сияқты болып көрінеді. Сол мақсатта осындай халықаралық жобаларды ұйымдастырып отырмыз. Және бұл жоба мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта бірнеше рет қолға алып, өзге мемлекеттердегі білімнің озық жүйесін көріп, меңгеруіміз міндетті. Бұл арқылы тіл меңгеруге деген құлшыныс та артатын шығар енді. Ал қазір Түркияға тек осы тіл білетін және үйреніп жүрген аудандардағы белсенді мұғалімдерді ғана жіберіп жатырмыз".
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, Стамбұлға жол тартқан мұғалімдер ең алдымен қаладағы мектептерге барып, ұстаздардың сабақтарына қатысады. Осылайша, білім ұяларының тыныс-тіршілігімен етене танысып, жаңа жүйелеріне үңілмек. Одан соң, тарихи орындарына бұрылып, рухани азық алып қайтады. Айта өтетін ақпарат, бүгінде бір ғана Түркістан облысында 907 мектеп бар. Онда 70 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.