Түркістан облысында қазақтың ұлттық ас өнімдері мен тағамдары қайта жанданады. Облыс орталығында астаналық Қазақ тағам академиясының мамандары, рестораторлар мен өңірдің отельерлері жиналды. Барлығы «Қазақтың таңғы асы» мәзірін жасап шықты.
Таңғы астың негізі экологиялық таза өнімдерден, бай дәрумендер мен пайдалы май, ақуыз және минералдардан құралып отыр.
Тізімде тары мен майсөк (қолмен өңделген тары), сүзбе, айран, қымыз, құрт, жент, кептірілген жемістер мен басқа да азық-түлік бар.
Жалпы, таңғы ас 3 топтан құралған: сүт өнімдері, көкөніс пен кептірілген жемістер, сондай-ақ, печеньелер.
Қазақ тағам академиясының Диссертациялық кеңесінің мүшесі Юрий Александровичтің айтуынша, қазақтың нағыз таңғы асы Оңтүстіктен, біздің өңірден басталып, бүкіл Қазақстанға тарайды. Таңғы ас халықтың болмысын, тарихы мен мәдениетін білдіреді. Себебі оның құрамы ғасырдан-ғасырға өзгеріссіз келе жатыр.
Соның нәтижесінде әр өңірдің тағамдық ерекшеліктерін біліп қоймай, халықтың менталитеті мен дәстүріне қанығуға болады. Мысалы, қазақ халқының ежелден келе жатқан ерекше қасиетінің бірі – қонақжайлылық. Әр қазақ шаңырағына келген қонақты құшағын жая қарсы алып, төрінен орын берген.
«Қазақтың таңғы асы» Түркістандағы қоғамдық тамақтану орындарында, қонақ үйлерде және мейрамханаларда ұсынылады.
«Қазақтың таңғы асы» брендін құрудағы мақсат – шетелдік туристерді жұмылдыру. Мамандар сонымен қатар ішкі туризмді де дамытуға сеп болады дейді.
Айта кетейік, сарапшылардың кездесуін Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасы ұйымдастырған.