2020 жылдың 13 мамырында Әдеп жөніндегі кеңесте бейнеконференция арқылы Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округі әкімінің ісі қаралды.
"Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына сәйкес ел аумағында қажетті шараларды іске асыру туралы шешім қабылданғаны белгілі.
Алайда Әдеп кодексінің 5-тармағының 7- тармақшасының талаптарын бұзып, төтенше жағдай кезінде ойын-сауық, отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылдық округінің әкімінің 2020 жылғы 9 сәуірде Шардара қаласында өзінің достарымен табиғат аясында жиналғандығы анықталды.
Ол Шардара ауданында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссия құрамында бола тұра, жоғарыда көрсетілген іс-әрекетінің салдарынан қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Шардара ауданы Жаушықұм ауыл округінің әкіміне «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Арыс қалалық аумақтық инспекция басшысының іс-әрекеті қаралып, нәтижесінде Әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Атап өту қажет, Әдеп жөніндегі кеңес алаңы тек мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істерін қарап ғана қоймай, сонымен қатар, олардың құқықтарын қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдайды.
Мәселен, Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысының орынбасарына және Сарыағаш ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына қатысты Әдеп кодексі талаптарын бұзғандығы жөнінде фактілер расталмауына (нақты дәлелдемелер болмауына) байланысты Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімімен жоғарыда аталған лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік істер тоқтатылды.